print

«БЖЗҚ туралы маңызды сұрақтар» айдары

«БЖЗҚ туралы маңызды сұрақтар» айдары

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің құрылғанына 20 жылдан асты. Осы жылдарішінде ол талай сыннан өтті. Бүгінде жүйе заман талабына сай жемісті жұмыс істеп келеді және болашағы айқын.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ – жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағындарының бірыңғай операторы. Оның қызметі ашықтық және айқындылық қағидаларына негізделген.

«БЖЗҚ туралы маңызды сұрақтар» айдарында біз тұрақты оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап береміз.

 1. Зейнетақы жинақтарын біржола алуға бола ма?

– Қордағы зейнетақы жинақтары алушыларға заңнамада көзделген жағдайлар туындаған кезде ғана беріледі. Ең негізгі жағдай – зейнеткерлік жасқа толу. Өйткені зейнетақы тағайындаудағы негізгі мақсат – құрметті демалысқа шыққан адамдардың күнделікті тіршілігін лайықты қамтамасыз ету.  

Сонымен «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес Қордан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 59 жасқа толғанда)және бірінші немесе екінші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандарға төленеді.Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.

Жасына байланысты зейнеткерлер мен I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген адамдар төлемдерді ай сайынғы кесте бойынша алады. Өйткені 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қордан зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріле бастады. Зейнетақы жинақтарын ай сайын беру – халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және бұл Қордан зейнетақы төлемдерін алу мерзімін едәуір ұзартуға және жиынтық зейнетақының көлемін арттыруға септігін тигізеді.  

Қазір де зейнетақы жинақтарын біржолғы төлем ретінде алуға болатындығын айта кетен жөн. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сомаалушыға бір рет толығымен төленеді. Биыл ең төмен зейнетақы көлемі: 36 108 теңге. Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 433 296 теңге.

Бұдан басқа, заңнамаға сәйкес ерлер 55 жасқа, ал әйелдер биыл 51 жасқа толғанда өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы ай сайын алып тұру үшін зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бұл ретте әйелдердің жасы 2027 жылға дейін 55 жасқа жеткенше жыл сайын 6 айға ұлғайтылып отыратындығын еске саламыз. Бірақ зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін Қордағы зейнетақы жинағының сомасы ай сайын ең төменгі зейнетақы мөлшерiненкем емес төлемдi төлеуге жеткілікті болуы керек.

Сақтандыру ұйымына аударуға қажетті соманы зейнетақы калькуляторының көмгімен де есептеуге болады. Ал зейнетақы калькуляторы enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» – «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде орналастырылған:

https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcInsurance/calc.php

2. Бізге редакцияға туыстары қайтыс болған адамдар жиі жүгініп, сол қайтыс болған туыстарының жинақтарын қалай алуға болатындығын сұрап жатады. Осы жағын түсіндіріп берсеңіз.

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болып табылады және өсиет бойынша, сондай-ақ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 31-33 - баптарына сәйкес мұраға қалдырылады.

Мұраны қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 6 тарауына (Мұрагерлік құқық) сәйкес мұра ашылған жердегi нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлiктi беруге уәкiлеттi лауазымды адамға мұраны қабылдау туралы немесе мұрагерлікке құқық туралы куәлiк беру жөнінде өтiнiш беріледі.Мұра ашылған күннен бастап алты айдың iшiнде, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты айдың iшiнде мұра қабылдануы мүмкін. Алты ай өткен соң, мұра ашылған жер бойынша нотариус мұрагердiң өтiнiшi бойынша оған мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк беруге мiндеттi.

Егер мұрагер мұра қабылдау мерзiмін дәлелдi себептермен өткiзiп алған болса және бұл мерзiмдi өткiзіп алу себептерi жойылғаннан кейiн алты ай iшiнде сотқа жүгiнген жағдайда осы мерзiмдi өткiзiп алған мұрагердiң өтiнiшi бойынша сот бұл мерзiмдi қалпына келтiре алады және мұрагер мұраны қабылдады деп тани алады

3. Мұрагерлер үшін құжаттарды жинап, тапсыру рәсімін оңайлатуға болмай ма? Өйткені олардың табалдырықтоздырып, құжат жинауға шамасы да, жағдайы да келе бермейді ғой?

– Бұл рәсімді мұрагерлер үшін оңайлату және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен Қазақстан Республикасы нотариустарының өзара іс-қимылын оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Республикалық нотариаттық палата, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы («ҰАТ» АҚ) және БЖЗҚ арасында «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі мен Қордың ақпараттық жүйесінің өзара іс-қимылы туралы Шарт жасалды.

Енді аталған Шарт аясында нотариустар өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға онлайн тәртібінде (хат жүзінде емес) сауалдар жолдай алады.    

Қор өз кезегінде салымшылар мен алушылар Қазақстан Республикасының нотариустары куәландырған немесе растаған құжаттарды ұсынған жағдайда «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесіне сауал жолдап, салымшылар мен алушылардың Қорға ұсынған құжаттарына қатысты жасалған нотариалдық әрекеттер бойынша ресми растау құжатын алады.

Бұл қызмет нотариустарға жүгінген мұрагерлердің уақытын үнемдейді.

4. Таяуда бұқаралық ақпарат құралдарында зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған салымшыны жерлеуге байланысты зейнетақы қорынан біржолғы төлем берілетіндігі жарияланды. Оның көлемі қандай және қандай құжаттар жинау керек?

– Шынында, бұл мәселе таяуда бұқаралық ақпарат құралдары бетінде талқыланды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мына мәліметті айта кеткім келеді. Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген сәттен, яғни 1998 жылдан бастап, жинақтаушы зейнетақы қорында жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, Қор оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бұл төлем заңнамада көрсетілген тәртіпте және мөлшерде жүзеге асырылады. Атап өту керек, бұл төлем жаңалық емес, ол әрқашанда төленіп келді.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының ережелеріне сәйкес зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, Қор оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бірақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. 2019 жылдың 1 қаңтарына қарай бұл сома 132 310 теңгені құрады (2 525*52,4).

Егер жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған ақшаның сомасы тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен (биыл: 36 108 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемге қосылып төленеді.

Толық ақпаратты Қор сайтынан біле аласыз: https://www.enpf.kz/kz/services/recipient/heir.php

5. БЖЗҚ салымшылары Қордың қандай негізгі ұсынымдарын есте сақтауы тиіс?

– Зейнетақы қорының қызметі туралы бүкіл ақпарат Қордың enpf.kz сайтында және бұқаралық ақпарат құралдары бетінде, сондай-ақ БЖЗҚ-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырады. Сонымен қатар Қор бөлімшелері республиканың барлық өңірлерінде, оның ішінде Астананың барлық ауданында жұмыс істейді. Қор кеңселерінде кез келген зейнетақы қызметін алып қана қоймай, жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы жан-жақты ақпарат алуға болады.

Қор филиалдарында үш ай сайын Ашық есік күні шарасы өткізіліп тұрады. Онда келушілер өздерін қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауаптар ала алады. Біз алушыларға зейнетақы жарналарының Қорға уақытылы және толық көлемде аударылуын қадағалап отыруға кеңес береміз. Бұл үшін әр түрлі ыңғайлы тәсілдерді пайдалануға болады. Мысалы: Қор базасына тіркелген жеке сәйкестендіру нөмірі мен парольдің немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көемегімен enpf.kz сайтының Жеке кабинеті, Қордың ұялы қосымшасы, сондай-ақ Қорға ұсынылған жеке электрондық мекенжай.

Қазір жас маман жұмысқа орналасқан жағдайда, Қорға алғашқы зейнетақы жарнасы келіп түскен сәтте, зейнетақы шоты автоматты түрде ашылады. Яғни, жаңа салымшыға зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу үшін Қор кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Тек өзінің зейнетақы шотының жай-күйін, жарналардың тұрақты аударылуын қадағалап отырса болғаны. Өйткені Қордан төленетін болашақ зейнетақы төлемінің қандай болатындығы Қорға жарналардың уақытылы және толық көлемде аударылуына тікелей байланысты.

Бүгінде базалық зейнетақының көлемі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тікелей тәуелді. Бұдан басқа зейнетақы аударымдары банктер үшін клиенттерге несие рәсімдеу барысында маңызды көрсеткіш болып саналады.

Зейнетақы жинақтары әрбір салымшының меншігі. Шоттағы зейнетақы жинақтары сенімді қаржы құралдарына инвестицияланады, сәйкесінше шоттарға күн сайын инвестициялық табыс есептеліп отырады.  

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қор салымшыларының зейнетақы шоттарына 917,1 млрд теңге көлемінде инвестициялық табыс есептелді. Бұл жерде әрбір салымшының шотына есептелетін табыстың сомасы сол шоттағы жинақтардың көлеміне тәуелді.

 


Келулердің саны: 39

Жоғары