print

Зейнетақы жинақтарының табыстылығы қалай болады, олар құнсызданып кетпей ме?

Қазір зейнеткерлер өздеріне тиесілі зейнетақы жинақтарының жылдық сомасын тұрақты пайыздық сыйақы алу мақсатында банк депозитіне салу мүмкіндігіне ие. Ал 2018 жылдан бастап олар бұл мүмкіндіктен айрылады. Сонда зейнетақы жинақтарының табыстылығы қалай болады, олар құнсызданып кетпей ме?

Қазіргі таңда зейнеткерлердің басым бөлігі БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша жылына бір рет, яғни «жыл сайынғы» кесте бойынша алады. Ал «ай сайын» және «тоқсан сайын» алу мүмкіндігін пайдаланғылары келмейді. Сәйкесінше алушылар БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін зейнетақы ретінде емес, жәй жинақталған сома ретінде қабылдайды. Сөйтеді де жылдық соманы алып, оны балалары мен немерелерінің оқуларына, той-томалаққа және әр түрлі сатып алуларға жұмсайды.  

Тек кейбір зейнеткерлер ғана бұл соманы ай сайын немесе жыл сайын пайыздық сыйақы алып тұру үшін депозитке салады. Дейтұрғанмен, депозит бойынша сыйақы ретінде есептелген пайыздар, күнделікті қажеттілік үшін жоғары табыс әкеле қояры неғайбыл. Ал БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары тұрақты түрде инвестицияланады және табыс әкеледі. Заңға сәйкес БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сенімгерлікпен басқарады.

ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық стратегиясы зейнетақы активтерін әртараптандыруға бағытталған. Қазіргі таңда зейнетақы активтері ұзақ мерзімді келешекте тұрақты табыс алу және тәуекелдерді төмендету мақсатында теңге және шетелдік валютада номинирленген әр түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.

Қазіргі таңда зейнетақы активтері мемлекеттік құнды қағаздарға, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары мен акцияларына инвестицияланған. Сонымен қатар екінші деңгейдегі отандық банктер мен шетелдік банктердің депозиттеріне салынады және сенімді шетелдік эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалады. Инвестициялық басқару нәтижесінде инвестициялық табысқа қол жеткізіледі және ол салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына күн сайын есептеліп отырады. Басқа сөзбен айтқанда, зейнетақы шотынан зейнетақы төлемдері төлене бастаса да, шотта қалған қаражат инвестицияланып, оларға табыс түсіп отырады.

«Қазақстанда зейнетақымен қамзсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет зейнеткерлік жасқа толған алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.


Келулердің саны: 1389

Жоғары