voting
print

Зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда оның жинағын кім және қалай ала алады?

Зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда оның жинағын кім және қалай ала алады?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабының 5-ші тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, зейнетақы Қоры қажет жағдайда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (2269*52,4 = 118 895, 6 теңге) жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бірақ, бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Айта кетелік, жерлеуге арналған соманы Қазақстан Рееспубликасының резиденті алатын болса, оған салық салынбайды. Егер, жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған ақшаның сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерінен (биыл бұл соманың көлемі - 31 245 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемге қосылып төленеді.

Зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және аталмыш Заңның 31-33 – баптарының 2 тармағында белгіленген тәртіпке сәйкес мұраға қалдырылады. Заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немерелерi мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұра алады. Егер бiрiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi - тең үлеспен алады. Егер бiрiншi және екiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, үшiншi кезекте мұра қалдырушының әкесiмен бiрге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немере аға-iнiлерi, апа-қарындастары (сiңлiлерi) мұраны ұсыну құқығы бойынша алады. Мұрагерлікке құқығы бар тұлғалардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көрсетілген. Ал қайтыс болған салымшының зейнетақы жинақтарын алуға қажетті негізгі құжаттардың бірі, ол – мұрагерлік құқығы туралы куәлік. Мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады. БЖЗҚ-дағы мұраға қалдырылған зейнетақы төлемдері мысалы, мұрагерлік құқығы туралы куәлікте көрсетілген үлес бойынша бір жолғы төлем ретінде жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақы төлемдеріне 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығы салынады және салық заңнамасында қарастырылған түзетулер ескеріледі (алушыда жеке табыс салығы бойынша жеңілдік бар болған жағдайда). Бұл ретте мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ-ға негізгі құжаттармен қатар: 

зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы;

мұрагерлік құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі не мұраға берілетін мүлікті бөлу туралы келісімнің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі және заңды күшіне енген сот шешімі ұсынылады.

Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алуға арналған құжаттардың толық тізімі БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» айдарының «Алушыларға» деп аталатын бөлімінде орналастырылған.

 

 


Келулердің саны: 1064

Жоғары